Маңғыстау облысындағы заманауи мектептер
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында «Отпан» жобасы аясында үш тірек мектеп таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бейнеу ауылының тұрғындары үшін жыл жағымды жаңалықпен аяқталуда, 5 мыңнан астам оқушы білім алатын үш мектеп өңірлік білім сапасын арттыру бағдарламасының қатысады.
«Отпан» жобасы ҚР Үкіметінің бастамасымен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының ауылдық тірек мектептерін құрудағы табысты тәжірибесі негізінде басталды. Бастама 50 мектепті қамтып, 60 мың оқушы мен 7 мың педагогтің дамуына жағдай жасауды көздейді және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Мемлекет білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту мақсатында өткен жылы «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы әзірленген болатын, оның аясында жеке инвесторлардың қатысуымен бірқатар өңірлік кіші жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жәй ғана жоба емес, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мен заманауи білім беру құралдарымен жабдықтауға, педагогикалық кадрлардың сапасын арттыруға бағытталған бастамалар кешені. Жобаның алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде ауыл мектептерінде білім сапасының орташа алғанда 7-9%-ға өскенін көрсетуде, — деп атап өтті оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Жобаның тиімділігін арттыру мақсатында мектептерді әдістемелік сүйемелдеу үшін серіктес ретінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен «Білім-инновация» халықаралық қоры тартылды.
Мектептерді жаңғыртуды аяқтаған жобаның алғашқы демеушілерінің бірі – Halyk қайырымдылық қоры. Қор мұғалімдерді оқыту мен Бейнеу ауылындағы үш мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қолдау көрсетті.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде білім беру мекемелері сапа мен қауіпсіздіктің жоғары талаптарына сай заманауи жабдықтармен қамтылды, бұл оқыту жағдайларын жақсартып, оқушылардың дағдыларын дамытуға ықпал етті. 50-ден астам білім беру кеңістігі жаңартылды, оның ішінде бастауыш сынып кабинеттері, химия, физика, биология, информатика және робототехника кабинеттері де бар. Сыныптар шығармашылық стильде безендіріліп, жайлы және шабыттандыратын білім беру ортасын құруға септігін тигізеді, бұл оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытып, оқуға деген қызығушылығын арттырады. Балалардың үзіліс кезіндегі және бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында арт- және телестудиялар ашылып, оқушылар үшін демалыс алаңдары құрылған,
290-нан астам мұғалім заманауи оқыту әдістемелері бойынша білім алып жатыр, ал психологтар мен мектеп әкімшілігі кәсіби біліктіліктерін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі – елдегі білім беруді дамыту. Біз әлеуметтік осал топтардан шыққан дарынды балаларға грант ұсынамыз, мектептер мен оқу орталықтарын жабдықтаймыз, мұғалімдерді қолдаймыз, жоғары сынып оқушыларына кәсіпкерлік негіздерін үйретеміз. 2016 жылдан бастап қор білім беру саласын дамытуға 10 млрд теңге бөлді, оның ішінде Бейнеу ауылындағы мектептерді жабдықтауға – 504 млн теңге жұмсалды. Біздің мақсатымыз – еліміздің әр баласына заманауи технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және олардың болашақта бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау, — деп атап өтті Halyk қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшаиков.
«Отпан» жобасына қатысушы мектептер көршілес білім беру мекемелеріне де әдістемелік қолдау көрсетеді, осылайша Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының тірек мектептер қатарын толықтырады деп жоспарлануда.
2019 жылы біз Aitas холдингінің қолдауымен тірек мектептер желісін құру жобасын бастадық және оны еліміздің әр өңірінде дамытуды жалғастырып келеміз. «Тірек мектебі» моделі бес жылдан бері ауылдағы білім беруді жаңа деңгейге көтеруге көмектесіп келеді. Бұл бастама «Отпан» сияқты жекелеген өңірлік жобаларды дүниеге әкелді. Бұл қалаларда немесе шалғай ауылдарда болсын, барлық оқушыларға тең білім алу және даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған қордың мақсатын айшықтайтын жоба, — дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Екі жылға жоспарланған «Отпан» жобасы оқушылардың оқу жетістіктерін бақылау арқылы жүзеге асырылып келеді. Бұл оның тиімділігін және нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді. Ол аяқталғаннан кейін де мектептерге жобадан кейінгі сүйемелдеу көрсетіледі.
Естеріңізге салсақ, қараша айында «Отпан» жобасының алғашқы нәтижелері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға таныстырылды. Қазір жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен келесі демеушілердің қатысуымен жүзеге асырылуда: Aitas холдингі, Ordabasy Group компаниясы, Halyk қайырымдылық қоры, NCOC компаниясы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры – Aitas холдингінің негізін қалаған кәсіпкер Серік Толықпаевтың бастамасымен құрылған коммерциялық емес ұйым. 2019 жылы құрылған уақытынан бастап Қор білім сапасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде Қордың жобалары ел аумағында 325 тірек және шағын жинақталған мектепті қамтиды. Оларда 160 мыңнан астам оқушы білім алады және 11 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Бұл бағдарламалар аясында 5500-ден астам оқу кабинеті жабдықталып, 40 млрд. теңгеден астам демеушілік қаражат тартылды.
Маңғыстау облысында Қор екі жобаның операторы болып табылады: «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы, ол Qazaqstan Halkyna қоры, Aitas холдингі және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ-мен бірлесіп жүзеге асырылады. Сондай-ақ «Отпан» жобасы, ол демеушілердің қолдауымен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ және «Білім-инновация» халықаралық қорымен бірлесіп іске асырылуда. Екі жоба қатысушылары да әдістемелік қолдау мен материалдық-техникалық базаны жаңарту түріндегі көмек алады.
Маңғыстау облысындағы мектептер туралы
Өңірде 145 мемлекеттік және 53 жеке меншік мектеп, Назарбаев Зияткерлік мектебі және 2 Білім-инновация лицейі жұмыс істейді.
Облыс бойынша 188 мыңнан астам оқушы білім алады, 16 мыңнан астам педагог жұмыс жасайды.