«Halyk Орманы» жобасының ауқымы кеңейіп келеді

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры орман алқаптарын қалпына келтіруге, аумақтарды көгалдандыруға және Қазақстанда тұрақты дамуды қолдауға бағытталған ауқымды экологиялық «Halyk Орманы» жобасын жалғастырып келеді. Жоба ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып, ұлттық экологиялық күн тәртібін және «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыруға үлес қосуда.

2025 жылы Қор бұл жобаға 1 миллиард теңге бөлді. Бес жылға жоспарланған бағдарлама аясында еліміздің негізгі табиғи аумақтарында – Іле-Алатау ұлттық паркінде, «Семей орманы» резерватында және Астананың жасыл белдеуінде 9  миллионға жуық көшет отырғызу жоспарланған.

Жобаға еріктілер, қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт саласының өкілдері, жастар мен өңір тұрғындары белсенді қатысып жатыр. 2025 жылы күзде Қордың өз қаражаты есебінен шамамен 850 мың көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға 1 500-ге жуық адам, оның ішінде белсенділер мен мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

«Біз экологиялық жауапкершілікті және ұзақ мерзімді даму қағидаларын ұстанатын инвесторларды тарту әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз. Мемлекет өз кезегінде орман отырғызу, экожүйелерді қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жобаларды жүзеге асыру үшін ашық та түсінікті жағдай жасауға дайын», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

«Halyk Орманы» жобасы серіктестікке ашық алаң ретінде дамып келеді. Бұл бастама Қазақстан ормандарын қалпына келтіру ісіне кез келген компанияның үлес қоса алатынын аңғартады. Halyk қайырымдылық қоры жоба операторы әрі ұйымдастырушысы ретінде үйлестіру жұмыстарын, отырғызу науқандарын өткізуді, сондай-ақ еріктілер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды өз қаражаты есебінен қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі өз тарапынан отырғызу жұмыстарының жүргізілуіне, орман алқаптарын кейінгі күтіп-баптауға және тиісті есепті жүргізуге қажетті жағдай жасайды.

Қатысу тетігі ашықтық пен тиімділік қағидаттарына негізделген: компаниялар бөлген қаражат тек көшет сатып алуға жұмсалады, ал барлық ұйымдастыру шығынын Қор өз мойнына алады. Мұндай тәсіл бизнеске нақты экологиялық нәтижеге қол жеткізуге және жобаға қатысуды ESG-қағидаттарын іске асырудың тиімді құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

«Halyk Орманы» жобасы 9 млн көшет отырғызумен ғана шектелмей, компанияларға ESG міндеттемелерін орындауға және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге нақты, өлшенетін үлес қосу мүмкіндігін ұсынады. Бұл  отырғызылған көшеттердің дәл санынан бастап, қалпына келтірілген орман алқаптарының аумағын ұлғайтуға дейінгі нақты нәтижелерді қамтиды, – дейді Halyk қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова.

Қордың мәліметінше, жоба мемлекеттік экологиялық саясат аясында іске асырылып жатыр. Бұл компаниялардың қосқан үлесін ресми түрде мойындауға және экологиялық тиімділікті құжат жүзінде растауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Halyk Орманы» жобасына қатысу брендтің беделін арттырып, компания ішінде экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Halyk Орманы» жобасына қазақстандық және халықаралық компаниялар да қосылып жатыр. Мәселен, халықаралық фармацевтикалық AstraZeneca компаниясы жобаға қатысуға және көшет отырғызуға қаражат бөлуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл шешім 30 қаңтар күні «Halyk Орманы» экологиялық жобасының аясында өткен қазақстандық және халықаралық компаниялардың бизнес-кездесуінің қорытындысы бойынша қабылданды. Серіктестерді тарту көгалдандыру жұмыстарының ауқымын арттырып, қалпына келтірілетін орман аумақтарын кеңейтуге жол ашады.

«Halyk Орманы» жобасы ауқымын кеңейтіп, мемлекет, қайырымдылық ұйымдар мен бизнес арасындағы тиімді ынтымақтастықтың нақты нәтижелерге жеткізетінін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Жоба арқылы экологиялық жағдайы нашарлаған аумақтар қалпына келтіріліп, табиғи тепе-теңдік сақталады, сондай-ақ биоалуантүрліліктің сақталуына нақты үлес қосылады.