
HALYK орманы
Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстандағы ең ауқымды экологиялық бастамалардың бірі – «Halyk орманы» жобасын іске қосты.
Жоба аясында «Семей орманы» табиғи резерватында, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде және елорданың жасыл белдеуінде ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.
2025 жылғы 16 қыркүйекте «Halyk» қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Halyk орманы» жобасы аясында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қор жобаға 1 миллиард теңге инвестиция бөліп, аталған аумақтарда 4 миллионнан астам ағаш пен көшет отырғызуды жоспарлап отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында былай деген еді:
«Қоршаған ортаға ұқыпты, жанашыр әрі жауапты көзқарас – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс».
«Halyk орманы» жобасы Мемлекет басшысы айқындаған «Taza Qazaqstan» ұлттық тұжырымдамасының мақсаттарымен үндеседі.
Қордың бұл бастамасы – табиғатқа жанашырлықпен қарауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жасыл болашақ құруға бағытталған маңызды қадам.
Жоба еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, өңірлердің табиғи келбетін көркейтуге де зор үлес қосады.