«Халық» қайырымдылық қоры «AlALA» I Республикалық Арт-экофестивалінің бас демеушісі болды, ал ұйымдастырушы — Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Фестиваль қарсаңында бүкіл ел аумағында 8, 9, 10 сынып оқушылары арасында экология тақырыбында республикалық шығармашылық конкурс өтті. Келіп түскен 250 жұмыстың ішінен қазылар алқасының мүшелері төмендегі 6 санат бойынша 36 үздік жобаны таңдап алды:
Beınele – бейнелеу өнері (фото, кескіндеме);
Árle – перфоманс (мүсін және инсталляция);
Qara – видеомейкинг (фильмдер, роликтер);
Sezin – арт перфоманс (театр, көше перфоманстары, флешмобтар);
Sóıle – музыка және поэзия (әндер, өлеңдер);
Órnekte – сәндік-қолданбалы өнер (тоқыма, керамика бұйымдары).
Фестивальға Қазақстанның түрлі өңірлерінен оқушылар жиналды. Олардың барлығына Отанға деген сүйіспеншілік, талант, шығармашылық, еңбекқорлық тән және бұл жеткіншектер елдегі экологиялық жағдайға бей-жай қарамайды.
Іс-шараның бас демеушісі «Халық» қайырымдылық қоры жеңімпаздарды ірі көлемдегі ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Еліміздегі маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған қор бағдарламасының бір тармағы — осындай іс-шараларды қолдау. «Халық» қоры Қазақстанның барлық балаларына білім, спорт, мәдениет және өнер саласында өзін танытуға бірдей мүмкіндіктер ұсынуға ұмтылады.