Құлсарылықтар қоныс тойын тойлауда
Атырау облысындағы Құлсары қаласы көктемгі су тасқынынан ең көп зардап шеккен өңірдің бірі. Үйлерін су басқан жұрт, баспаналарынан айырылып абдырап қалған еді. Бүгінде жұмыла көрсетілген қайырымдылықтың арқасында қала тұрғындары жаңа баспаналарына қоныстануда. Табиғи апат кезінде жалғыз баспаналыранан айырылып абдырап қалған тұрғындарға ең алдымен Тимур Құлыбаев бастаған «Халық» қайырымдылық қоры мен Halyk Bank қаржы бөлген болатын.
Дәл қазір Құлсары қаласындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық кәсіпкерлерге табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға тұрғын үйді қалпына келтіруге көмек көрсету туралы үндеуіне алғашқылардың бірі болып белгілі меценат Тимур Құлыбаев үн қосқан еді.
«Су тасқынынан зардап шеккен әрбір жанның қайғысына ортақпын. Апат келген алғашқы күннен бастап қарғын судың астында қалған аймақтарға көмек қолын создық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен барлық қиындықты еңсердік», — дейді Тимур Құлыбаев.
Қала тұрғындары апаттан кейін жаңа өмір бастауға мүмкіндік берген қор мен банк өкілдеріне алғыс айтуда. Біз жаңа баспаналарына кіріп, қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындармен тілдесіп қайттық.
«Су басқаннан бір апта өткеннен кейін үйіміздігі киімдерімізді алуға барғанда, су иығымызға жетіп тұрды. Отбасымызбен іргетасын қалап, өз қолымызбен керегесін көтерген шаңырағымыз еді. Бұл апат ауыр тиді. Әкімдік баспанамыздың жарамсыз екенін, енді қайта кіре алмайтынымызды, тез арада бұзуымыз керектігін айтқанда есімді жия алмай қалдым. Кейін амалсыздан келістік. Кранмен құлатып жатқанда, немеремді құшақтап жылап алдым. Әлі күнге дейін қимастық сезімі бар. Бірақ тіршілік жалғасады екен, жаңа үй салып жатырмыз. Бізге көмек қолын созған «Халық» қайырымдылық қорына рахмет айтамын. Ақшамызды көп кешіктірмей тез арада түсірді. Қолымызға ақша түскенде барып тынышталдық. Оғанға дейін далада қалғандай сезімде жүрген едік»,- дейді Құлсары қаласының тұрғыны Гүлжан Омарова
Жаңа үйіне кіріп қуанышымен бөліскен Қадырбек Қоспақов «Халық» қорына алғысын білдірді.
«Біз осы Жылыой ауданының жергілікті тұрғындармыз. Осы өлкеде туып өстік. Бесінші сәуір күні біз тұратын ауданды су басты. Үйіміз жиырма күндей судың астында тұрды. Өскен үйімізді қимай, біраз абдырап қалғанымыз бар. Зейнеткермін, жұбайым да осы өңірдің тумасы. Қазір міне жаңа баспаналы болдық. Үйімізді көріп отырсыздар. Бұрынғы үйіміз бұдан кішірек болған. Қор бөлген ақшаның арқасында үлкен үйлі болдық. Немерелерім көп болғандықтан үлкен баспаналы болуды армандап жүретін едім, міне арманымыз орындалды. Бізге қөмек қолын созып, жаңа баспанаға қол жеткізуімізге ат салысқан «Халық» қайырымдылық қорына алғыс айтамын. Жаңа баспана алуға ақша бөлінеді деген сөзге сеніңкіремей, іштей абдырап жүргенімде жеке счетыма ақша түскені туралы хабарлама келді. Сол сәттегі қуанышты ешқашан ұмытпаспын. Қор үмітін үзіп, сағы сынған Құлсары тұрғындарын қуанышқа бөледі, алғысымыз шексіз», — дейді ол.
Қор бөлген қаражатқа жаңа баспана алып, қоныс той тойлап жатқан тағы бір тұрғын – Үміт апа. Апамыз жасы 70-тен асқан шағында баспанасынан айырылу қасірет болғанын, «ауылды су басып жатыр» деген суық хабарды естігенде қолтығына екі немересін құшақтай салып қашқанын, бірнеше ай туыс-туғанның босағасын паналағанын айтып көзіне жас алды.
«5 сәуір бәріміз үшін ауыр болды. Су басып жатқанын естігенде құжаттар мен бір киер киімді алып жан-жаққа қаштық. Мен туыстарды, бала мен келін қаланы паналады. Туыстарда бірнеше ай жүргеннен кейін «өз үйімізді барып көрейік, тұруға жарамды болса тазалап кірейік» деп барған едік, бұзылатынын айтты. Себебі, 80 жылдарда салынған баспана болғандықтан, жарамсыз болып қалыпты. Сонша жыл тұрған басапанадан айырылу қиын ғой. Қаншама естелік, қаншама еңбек. Бірден жаңасын сатып ала салатын қаржы да жоқ. Ол кезде Үкіметтен ақша беріледі ме, берілмейді ме деген ой жүрген. Кейін «Халық» қайырымдылық қорынан қаржы бөлінгенін естідік. Halyk Bank қызметкерлерінің арқасында қаражатымыз бір аптаға жетпей түсті. Бірнеше үйді қарап, кейін осыны ұнатып алдық. Бала мен келінім, екі немереммен тұрамын. Елдің басына қиындық келгенде алғашқылардың бірі болып көмек созған Тимур Құлыбаев мырзаға алғыстан басқа айтарым жоқ», — дейді Үміт апа.
Су тасқынының зардаптарын жоюға белсене атсалысқан Құлсары қаласы әкімдігінің және Halyk Bank филиалының қызметкерлері «Халық қоры» басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, «Халық» қоры мен Halyk Bank өз қаражатынан Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қызметкерлердің бір күндік жалақысын қосқанда 1 млрд 445 млн теңге бөлген еді. Сонымен қатар «Халық» қорының негізін қалаушы Тимур Құлыбаев Атырау облысын қалпына келтіруге қосымша 30 млрд теңге бөлді. Осылайша, су тасқынынан зардап шеккендерге 31,4 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді.