«Halyk орманы»: Іле‑Алатау ұлттық паркінде жобаның жаңа кезеңі басталды

Іле‑Алатау ұлттық паркінде «Halyk» қайырымдылық қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесе жүзеге асырып жатқан «Halyk орманы» экологиялық жобасының жаңа кезеңі басталды.
Тауда атқан таң қатысушаларды ерекше қарсы алды: мұнда ылғал топырақ иісі мүңкіп, самал жел еседі. Кеше ғана боз жусан мен қураған шөп басқан баурайда бүгінде шырша көшеттері тізіліп тұр. Бұл – елдің ертеңіне деген қамқорлық пен жаңа өмірдің жарқын жаршысы.
Идеядан басталған орман
Жоба табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге және еліміздің өңірлерінде жаңа жасыл аймақтар қалыптастыруға бағытталған. Іске асыруға бес жылға 1 миллиард теңге бөлінген. Бұлкезең ішінде елдің үш өңірінде – Абай облысында, Іле‑Алатау ұлттық паркінде және Астанадағы жасыл белдеуде – 4 миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланған. Алғашқы кезең «Семей орманы» резерватында өтті: өрттен кейін ол жерде 800 мыңнан аса жас қарағай қалпына келтірілді. Келесі кезең – Іле‑Алатау: 5 гектар аумаққа 14 мың шырша егілмек.
Экология – науқан емес, мәдениет
Экология және табиғи ресурстар вице‑министрі Нұрбек Шарбиев табиғатты қорғау – бір реттік бастама емес, өмір сүру салты екенін атап өтті.
«Табиғатқа жанашырлық танытпайынша, экономикалық өсім де ұзаққа бармайды. «Halyk орманы» және осындай жобалар – экологиялық мәдениетті өміріміздің табиғи бөлігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам».
Болашаққа салынған инвестиция
«Halyk» қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Даурен Сартаев жобаның ұзақмерзімді құндылығын ерекше атап өтті.
«Әр егілген ағаш – қаланың тынысына, тұтынудан гөрі қамқорлық жасау әдетіне салынған инвестиция. «Halyk орманы» – табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыратын мектеп. Бұл – бізден кейін де қалатын мұра».
Науқаннан қозғалысқа айналған жоба
Биыл көктемде «Halyk» қоры бүкіл елді қамтыған GreenAct экологиялық челленджін бастаған еді. Сол кезде мыңдаған оқушы, ерікті және компания қызметкерлері парктерді тазалап, қалдықтарды сұрыптап, өсімдіктер отырғызды. Енді қор экологиялық бағытта жұмысын жалғастырып, «Halyk орманын» Қазақстанның жасыл аймақтарын қалпына келтіру мен кеңейтуге арналған ұзақмерзімді бағдарлама ретінде жүзеге асырып келеді.
Жоба неге маңызды?
Қазақстан – кең байтақ дала. Бірақ өндіріс пен урбанизация кейде табиғатқа кері әсерін тигізеді. Сондықтан әр жаңа орман – жасыл аймақ емес, орнықты дамуға қосылған үлес. «Halyk орманы» – қамқорлық, саналы көзқарас, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы жоба. Бұл – әр баланың өз ағашын егіп, жылдар өте бірге өскенін көру.
АНЫҚТАМА
«Halyk орманы» жобасын Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры және Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесіп жүзеге асырады. Бағдарламаға 1 млрд теңге бөлінген. Бес жылда үш өңірде 4 миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланған:
• Абай облысы («Семей орманы» резерваттары);
• Іле‑Алатау ұлттық паркі;
• Астананың жасыл белдеуі.