Халықаралық қайырымдылық күні атап өтілді 

Алматыдағы ҚазҰТЗУ-де «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен халықаралық қайырымдылық күні атап өтілді. Жиынға еліміздегі жетекші қайырымдылық қорларының өкілдері қатысып, өз жұмыстарының нәтижесімен әрі жетістіктерімен бөлісіп, қайырымдылықтың маңызына тоқталды.


Кездесу аясында осы саладағы  жеті  спикер өз тәжірибелерімен және бастамаларымен бөлісіп, көмек көрсетудің қазіргі қиындықтары мен мүмкіндіктеріне қатысты негізгі мәселелерді талқылап, бірлесіп әрекет етудің жаңа жолдарын көрсетті.

Жиынды «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ашып, бұл күнінің маңызы туралы айтты. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің өкілі Гүлбара Бекетқызы  қайырымдылық ұйымдарын қолдаудағы мемлекеттің рөлі туралы өз пікірін ортаға салып, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың маңызына тоқталды.

Сонымен қатар, еліміздегі қайырымдылық саласындағы «Аяла» қорының президенті Айдан Сүлейменова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының директоры Шыңғыс Баймұхаметұлы, «Мейірім» еріктілер қоғамының жетекшісі Аружан Саин,  Нұрлан Смағұлов қайырымдылық қорының өкілі Ләззат Әлжанова сынды білікті мамандар еліміздегі қайырымдылық қорларының жобалары халқымыздың әл- ауқатын жақсартуға зор мүмкіндік екендігін атап өтті.  

«Халық» қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шүнкеев,  «Халық» қорының түрлі әлеуметтік бастамалары мен жобалары Қазақстандағы қайырымдылық саласында басты рөл атқаратынын айтты. «Халық» қоры еліміздегі әлеуметтік қоғамды дамытумен қатар, спорт білім беру, денсаулық пен спорт саласына да қолдау көрсетеді. Қордың басты мақсаты тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Жиын соңында еліміздегі қайырымдылық саласына үлес қосқан қор өкілдері салтанатты түрде марапатталды.