Ауыл спортының дамуына жаңа серпін: «AUYL SPORT» жобасы ауыл балаларын қолдайды

«Халық» қайырымдылық қорының атқарушы директоры, «AUYL SPORT» жобасының жетекшісі Жақсылықов Ғалымбек Жақсылықұлы бізге арнайы сұхбат берді.
AUYL SPORT жобасы қандай мақсатпен басталды?
AUYL SPORT жобасы «Halyk» қайырымдылық қорының қолдауымен 2024 жылы басталды. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл балалары мен жасөспірімдерін спортқа тарту, спортты насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жаттықтырушылардың біліктілігін арттырып, оларды жаңа дағдыларға бейімдеу. Cондай-ақ, шалағайдағы таланттарды анықтап, кәсіби спортқа баулу мақсатында іске қосылды. Қазақстанның ауылдарында спорттық инфрақұрылым мен жаттықтырушылардың тапшылығы байқалады. «Halyk» қайырымдылық қоры осы мәселені шешуге үлес қосу үшін жоба аясында ауыл жастарына кәсіби деңгейде спортпен шұғылдануға мүмкіндік беруді басты мақсат етіп қойды.
Өткен жылы тұңғыш рет өткіздіңіздер, қандай эффект болды?
AUYL SPORT — бұл бәсекелестіктен гөрі, шабыт алаңы. Бұл ауыл балаларының жаңа көкжиектерін ашып, өзіне сеніп, үлкен жетістіктерге алғашқы қадам жасауына мүмкіндік. Көпшілік үшін бұл олардың үлкен қалаға бірінші сапары, кәсіби аренамен алғашқы кездесуі және алғашқы үлкен жеңістері болды. 2024 жылы тұңғыш рет өткен республикалық турнир ауыл спортының үлкен әлеуетін ашып берді. «Halyk» қоры барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз жауапкершілігіне алып, ауыл балаларына спорттық жарыстардың ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.
Жалпы қанша ауылдан, қанша бала қатысты?
AUYL SPORT жобасы 2024 жылы басталып, 200 ауылдан 8-15 жас аралығындағы 12 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысқан облыстық турнирлерден бастау алды. Ал AUYL SPORT-2024 республикалық турнирінің финалы еліміздің 17 облысынан 1300-ден астам жас спортшыны бір алаңға жинады Республикалық турнирге облыстық турнирлерде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100-ден астам ауыл қатысып, 5 000-нан астам бала өз бақтарын сынады. Бұл көрсеткіш ауыл спортына деген үлкен қызығушылықтың бар екенін көрсетті.
Қандай спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды?
Жобада бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат секілді спорттың алты түрі қамтылған.

Жоба қай аймақтарды қамтыды?
Жоба Қазақстанның барлық облыстарын қамтыды, бірақ әсіресе ауылдық спорт инфрақұрылымы әлсіз дамыған аймақтарға ерекше көңіл бөлінді. Біздің мақсатымыз – спортты танымал ету ғана емес, қай жерде тұратынына қарамастан барлық балаларға тең мүмкіндіктер жасау. Мұндай бастамалар Қазақстанның болашағын құратын жастардың бойында сенім мен мінезді қалай арттыратынын көріп отырмыз.
Қатысушылардың аймақтық үлесі қандай болды?
Ең көп қатысушы Түркістан, Алматы, Қызылорда, Ақмола және Жамбыл облыстарынан келді. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан да белсенділік байқалды.
Қандай ұйымдар немесе демеушілер қолдау көрсетті?
AUYL SPORT жобасы «Halyk» қорының ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған негізгі бастамаларының бірі. Тек осы жобаға 500 миллион теңге бөлінді. Жобаны толығымен қор қаржыландырды. Ал турнир кезінде жергілікті әкімдіктер мен спорт басқармалары ұйымдастыру жұмыстарына көмектесті.
Жоба ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығына қалай әсер етті?
• Ауыл балаларының спортқа деген ынтасы күрт артты, олар үшін үлкен спорттық алаңдарда өнер көрсету арманнан шындыққа айналды.
• Жасөспірімдердің спорттық әлеуеті бағаланып, болашағынан үміт күттіретін балаларға кәсіби спорт клубтары мен академиялардан шақыртулар түсе бастады.
• Ата-аналар, мектептер мен жергілікті әкімдіктер спорттың дамуына қызығушылық танытып, қолдау көрсетуді күшейтті.
• Ұлттық спорт түрлеріне деген сұраныс артты, әсіресе қазақша күреске қызығатын балалар көбейді.
• Қатысушылар арасында командалық рух, жауапкершілік, тәртіп пен жеңіске деген жігер қалыптасты.
Қатысушылардың ата-аналарының пікірі қандай болды?
Ата-аналар балаларының денсаулығының жақсарғанын, спортқа деген қызығушылығы артқанын, сондай-ақ тәртіп пен жауапкершілігі күшейгенін атап өтті. Олар ауыл спортына арналған мұндай жобалардың жиі ұйымдастырылуын қалайды.
AUYL SPORT балалар үшін жай ғана жарыс емес, жаңа дүниенің есігін ашты. Көпшілік үшін бұл олардың үлкен қалаға бірінші сапары, кәсіби аренамен алғашқы кездесуі және алғашқы үлкен жеңістері болды.

«Балам Алматыдағы аренаға алғаш шыққанда көзі нұрланып кетті. Бұл мүмкіндік үшін алғыс айтамыз – бұл біздің өмірімізді өзгертті», деп бөлісті қатысушылардың бірінің анасы Айгүл Мұсаева.
«Көбінесе ауыл балаларына қаржылық жағдайға байланысты ірі турнирлерге қатысу қиынға соғады. «Halyk» қорының қолдауы оларға өздерін көрсетуге және жоғары деңгейдегі бәсекенің дәмін татуға мүмкіндік берді. Бұл маңызды, өйткені біздің Олимпиада чемпиондарының көбі ауылдан шыққан», деді тағы бір ата-ана.
Алдағы уақытта жобаны кеңейту немесе дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
• Қамтылатын ауылдар санын екі есеге арттыру
• Жаңа спорт түрлерін қосу
• Кәсіби спорт академияларымен серіктестік орнату
• Жергілікті спорт инфрақұрылымын дамытуға көмек көрсету
Жобаны жүзеге асыру барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіздер?
• Кейбір ауылдық жерлерде спорт жабдықтарының жетіспеуі
• Білікті жаттықтырушылардың аздығы
Балалардың өздері жобадан қандай әсер алды?
Балалар үлкен спорттық шараға қатысудың қаншалықты маңызды екенін түсініп, өздерін үлкен спорттық ортада сынап көруге мүмкіндік алды.
Олардың болашаққа деген жоспарлары өзгерді ме?
Иә, көптеген бала спортты кәсіби түрде жалғастыруға шешім қабылдады, спорттық академияларға түсуге ниет білдірді.
«Біз бұл жігіттердің арасында болашақ чемпиондар бар екеніне сенімдіміз. «AUYL SPORT» – жай жарыс емес, ол – қоғамымыздың кемел келешекке деген сенімінің мерекесі», деп қорытындылады турнирді ұйымдастырушылар.
«Ауыл спорт» жобасының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қалай қамтамасыз етесіздер?
• Мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен тұрақты серіктестік орнату
• Ауылдық жерлердегі спорттық нысандарды көбейту
• Ауыл спортын қолдау бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру
Балалар спорт түрлерін қалай таңдады?
Балалардың таңдауы өздерінің қызығушылығына, ауылдағы жаттығу мүмкіндіктеріне және жаттықтырушылардың қолжетімділігіне байланысты болды.
Жаттықтырушылар жобаның тиімділігі туралы не айтады?
Жаттықтырушылар ауыл балаларының физикалық дайындықтары жоғары екенін, оларды дұрыс бағыттаса, үлкен нәтижелерге жете алатынын айтты.
«Ауыл спорт» жобасының болашағын қалай елестетесіздер?
AUYL SPORT-2024 жобасы – жаңа мүмкіндіктер ашатын және шабыттандыратын алаң. Бұл балалардың бойындағы қайсарлық пен талант кез келген шекараны жеңе алатынын, ауылдан шыққан чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды спорттық алаң екенін аз уақытта дәлелдеп үлгерді.
Оны одан әрі дамыту үшін қандай қадамдар жасалмақ?
• Ауылдарда спорт мектептерін ашу
• Қосымша жарыстар ұйымдастыру
• Халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігін беру
Сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз!