Auyl sport: елімізде ауқымды жоба басталады
Жоба бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат спорт түрлерін қамтиды
Қазақстанда ауыл спортын дамытуға арналған ауқымды жоба басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда өткен таныстырылымда ауыл аймақтардағы бұқаралық спортты дамытудың маңызы, алдағы жоспарлар мен өңірлерде өтетін спорттық іс-шаралар туралы айтылды. Негізгі мақсаты – ауылдық елдімекендердегі спортты дамыту, сондай-ақ ауылдағы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру.
«Әлемді бағындырып, олимпиадаларда үлкен жетістіктерге жетіп жүрген чемпиондар мен жүлдегерлердің көпшілігі ауылдан шыққан. Жобаға барлығы қатысады. Академияның профессорлық оқытушылар құрамы да жобаның дамуына үлес қосады», – деді Қазақ спорт және туризм академиясының Тәрбие және спорттық жұмыс проректоры Мұхтар Есқалиев.
Еліміздің барлық өңірінде 8-14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында аймақтық турнирлер өткізіледі. Турнир жеңімпаздары арасында республикалық қорытынды жарыс ұйымдастырылады. Демеушілердің айтуынша, жобаны бастамас бұрын арнайы талдау жасалған.
Айта кетейік, жоба бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат спорт түрлерін қамтиды.