Астананың Жасыл белдеуі кеңейді: Halyk орманы жобасымен 7,5 мың алма көшеті отырғызылды

Елорда іргесіндегі Жасыл белдеуге алдағы үш жылда 101,95 гектарға 243 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Бұл туралы «Halyk» қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шүңкеев мәлімдеді, деп хабарлайды  infotabigat.kz тілшісі.

«Halyk» қайырымдылық қоры 2016 жылдан бері әлеуметтік жобаларға 85 млрд теңге бөлген. Ал «Halyk орманы» жобасы аясында биылдан бастап экологиялық бастамаларды қолдап, млрд теңге жұмсамақ. Қор сол жоспардың бірін орындап,  Астанадағы Жасыл белдеуді кеңейтті.

Жалпы ел бойынша «Halyk орманы» жобасы аясында 4 млн көшет отырғызамыз. Оны Абай облысы, Алматыдағы Іле Алатауы және Астанадағы Жасыл белдеуге салғалы жатырмыз. Неліктен Семей орманында қарағай, ал Іле Алатауында шырша десеңіздер, кез келген ағаш отырғызарда оны ғылыми түрде зерттеп, жерінің құнарлығын тексереді, басқа да табиғи нормаларды ескереді. Сонда осы өңірлерге дәл сол өсімдіктерді отырғызу тиімді болып, соны жөн деп көрдік. Міне, бүгін Жасыл белдеуде жиналып, 7,5 мың алма көшетін 3 га жерге отырғыздық, – деді қор басшысы.

Сағынбек Шүңкеевтің айтуынша, қор осы жылы үш өңірде 806 125 ағаш отырғызады. Көшеттің бәрі елімізден.

Акцияға Астана ІТ университетінің студенттері мен оқытушылары, Мирас мектебінің мұғалімдері мен оқушылары, сондай-ақ Халық банкі мен Atameken Business телеарнасының ұжымы және елордалықтар – жалпы 150-ден астам адам қатысты. Қор басшысы мұндай бастамалар экологияға жанашырлықпен қатар, жас ұрпақтың да саналы түрде қоршаған ортаны қорғауға ұмтылуына, табиғатқа деген құрметін, мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізетіні сөзсіз екенін атап өтті.

Біз мектеп оқушылары болсақ та, мұндай шараларға қуана қатысамыз. Себебі жаһандық жылыну, табиғаттың ластануы, судың тапшылығы ешкімді бей-жай қалдырмауы керек. Табиғатты аяласақ қана болашағымыз жарқын болатынын білеміз. Сол себепті ағаш отырғызуға, тазалық науқандарына баруға дайынбыз, – деп бөлісті ойын елордалық оқушы Аружан.

Жасыл белдеуге алма отырғызу жұмысын «Жасыл аймақ» РМК ұжымы орындап жатыр. Олар ағаш екпес бұрын арнайы жұмыс жобасын басшылыққа алады. Жыл бұрын топырақты алып зерттейді. Кейін ол 2 жыл бойы көшет болғанша бапталады. Сосын топыраққа отырғызып, күтімін жасайды. Бұл туралы «Жасыл аймақ» РМК бас директоры Мұхит Рамазанов толығырақ айтып, орманның ұлғаюны үлес қосып жатқан қорға алғысын білдірді.

Бұл алма көшеттері тұқымынан бастап жемісіне дейін елімізде егіліп, өсіріледі. Осы орман аймағындағы питомникте әзірленеді. Міне, бүгін көптен күткен сәт – 2 жыл бойы баптаған көшеттеріміз отырғызуға дайын. Сондықтан біз үшін маңызды күн. «Halyk орманы» жобасы аясында маңызды шара өтіп жатыр. Алдағы бес жылда осы жобамен 100 гектарға орман отырғызу жоспарымыз бар. Сондай мақсатымызды қолдап, орман шаруашылығының дамуына үлес қосып жатқан қорға алғыс білдіреміз, – деді Мұхит Рамазанов.

Айта кетейік, бұл науқан – Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлесе жүзеге асырып жатқан «Halyk орманы» экологиялық жобасының жаңа кезеңі. «Halyk орманы» жобасы  қордың жүйелі экологиялық жұмысының жалғасы.

2025 жылғы көктемде «GreenAct» экочелленджі іске қосылып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталды. Жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.

Бұған дейін қор GreenAct аясында мыңдаған қазақстандықты біріктірген экологиялық акциялар өткізген болатын. Іле-Алатау ұлттық паркінде Ұлы Отан соғысының батырларына арнап 3 500 шырша, ал Алматының Орталық саябағында алма ағаштары отырғызылды. Бұл шаралар экологиялық мәдениетті дамыту мен тұрақты даму қағидаттарын дәріптеудің маңызды қадамына айналды.

infotabigat.kz