Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Халық» қайырымдылық қоры «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрымен бірлесіп, жас көрермендерге арналған «Астана Опера театрындағы сабақ» атты танымдық бағдарлама ұйымдастырды. Екі күндік іс-шара барысында балалар балет қойылымын тамашалап қана қоймай, театр шымылдығының арғы жағындағы өмірді де өз көздерімен көріп қайтты.
Жас көрермен опера және балет театры әлеміне енбес бұрын «Астана Операның» қалай салғаны туралы ақпарат алды. Оның сыртқы келбеті мен интерьерін қалыптастыруға 33 елдің сәулетшілері, құрылысшылары және басқа да мамандары тартылған екен. Театр қызметкерлері балаларға өзге де қызықты деректерді айтып берді.
«Ал сіз біздің ғимаратты салу кезінде басқа әлемдік театрлардың барлық кемшіліктері ескерілгенін білдіңіз бе? Сол себепті театр құрылысында ешбір қателік жоқ.
«Астана Операның» ішкі көрінісі грек-рим мотивтері мен қазақтың ұлттық дәстүрлерін біріктіреді. Фойенің декоры толығымен қазақ үлгілеріне негізделген, ал кіреберістің екі жағындағы мәрмәр баспалдақтарда еліміздің көрікті жерлері — «Бурабай» ұлттық паркі мен Шарын шатқалы бейнеленген», — деді қыздар.
Жасөспірімдердің мәдениет нысанына жасаған шағын саяхаты осылай басталды. Мұнда балалар үлкен сахнаның артындағы қызу өмірмен танысты. Олар үлкен, кіші камералық залдарда болып, дайындық залындағы әртістердің өнерін тамашалады, музей экспонаттарын көрді. Балалар театр цехтарына да саяхат жасады. Жасөспірімдер костюм, аяқ киім жасаушы, реквизиторлық және бутафорлық цехтардың жұмысын көрді. Ал дыбыс жазу студиясында дыбыс режиссері жұмысының маңызды тұстары туралы біліп, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды:
— Сахнада не болып жатқанын осында отырып көре аласыз ба?
— Дыбыс режиссері техникалық мамандық па? Әлде шығармашылық мамандық па?
— Ал сіз пульттегі батырмаларды ауыстырып аламын деп қорықпайсыз ба? – деп сұрады қонаққа келген балалар.
Өз сауалдарына толыққанды жауап алған жас көрермендер дәріске аттанды. Мұнда оларға «Астана Опера театрындағы сабақ» бағдарламасы туралы толық мағлұмат берілді. Дәрістен кейін келушілер экскурсиядан алған әсерлерін бөлісуге асықты:
— Бұл – менің осы театрға алғашқы үлкен саяхатым. «Астана Опера» ғимаратының әсемдігі таң қалдырмай қоймайды. Мыңдаған костюмдер мен аяқ киімдердің орны бір бөлек. Театрдың өз цехтарының болатынын бұрын-соңды естімеппін. Реквизиторлық цехтағы атмосфераны да сөзбен жеткізу мүмкін емес, — дейді болашақта әртіс болуды армандайтын Ақбота.
— Ал мен опера және балет театрында медицина қызметкерлерінің жұмыс істейтінін білмеппін. Сондай-ақ, әртістерге сахналар арасында киім ауыстыруға небары 23 секунд уақыт берілетінін естігенде, таң қалдым. Мұнымен қоса, маған театрдың шығармашылық тобының дайындық үстіндегі жұмысын тамашалаған ұнады. Дайындық кезіндегі жұмыс, шынымен де, ерекше болады», — деді он алты жасар Александра.
Экскурсия Н. Римский-Корсаковтың музыкасына қойылған «Шехерезада» драмасымен жалғасты. Жас көрермендер дуэт пен жеке орындаудағы әдемі билерді тамашалады. Олар танымдық бағдарламаның дәл осы бөлігін асыға күткен екен.
— Балет заманауи биге мүлде ұқсамайды. Бұл – көз тартар айрықша көрініс. Балет кезінде ештеңеге алаңдағың келмейді, тек бишілердің түрлі трюктерді қалай орындайтынын көргің келеді. Олардың биінен жеңілдік сезілетін сияқты, — дейді бишілердің өнеріне тәнті болған Иван.
— Бүгінгі бағдарлама ғажайыпқа толы болды. Әсіресе, «Бақшасарай бұрқағы» биі ұнады. Әртістерге қарап, менің де билегім келді. «Ескі фотосурет» атты хореографиялық қойылым да күлкілі болды. «Астана Операға» жасаған алғашқы сапарым көпке дейін есімде қалады деп ойлаймын», — деп әсерін бөлісті Едіге.
«Астана Опера» театрындағы сабаққа қатысқан қонақтардың көбі болашақта өмір жолын өнерге арнауды армандайды екен. Сондықтан балалардың тәлімгерлері танымдық кездесудің маңыздылығын түсінсе керек. Іс-шара соңында тәлімгерлер ұйымдастырушыларға балаларға театрдың ұмытылмас атмосферасына енуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.