Мүгедектерге арналған такси
2018 жылы «Инватакси» ауқымды әлеуметтік жобасы шеңберінде «Халық» қайырымдылық қоры «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен ынтымақтастықта жүріп-тұруы шектеулі азаматтарды тегін тасымалдау үшін 21 мамандандырылған автомобиль сатып алды. Бұл арнайы көліктер Қазақстанның 21 қаласындағы мүгедектердің аймақтық қоғамдарына тегін берілді. Жобаның жалпы құны 200 млн. теңгені құрады.
2019 жылы «Инватакси» ауқымды әлеуметтік жобасы жалғасын тауып, қосымша 15 мамандандырылған автомобиль сатып алынды және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарды тасымалдауға арналған өңірлік мүгедектер қоғамына берілді.
Жоба басталғаннан бері өңірлерге жалпы құны 336 млн. теңгеден асатын 36 арнайы автокөлік табысталды. Олардың әрқайсысы мүгедектер арбасына арналған көтергіш құрылғылармен жабдықталған, оң жақ жылжымалы және артқы 180 градусқа ашылатын айқарма есіктері мен айналмалы әйнектері бар. Жобаның арқасында арнайы машиналар ірі және шағын қалаларға ғана емес, қажет болған жағдайда ауылдық округтерге де қызмет көрсетеді.