
AUYL SPORT — ауыл жастарына үлкен спортқа жол ашқан жоба
AUYL SPORT — Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қоры жүзеге асырып жатқан ауылдық балаларға арналған ауқымды жоба. 2024 жылы басталған жоба Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауыл жастарына үлкен спорт әлеміне жол ашып, армандарына қанат бітіріп келеді.
Жоба қатысушылары түрлі деңгейдегі турнирлерде бақ сынап, халықаралық ареналарда жеңіс тұғырынан көрінуде. Бар-жоғы бір жылдың ішінде ауыл мектептерінің шәкірттері әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, дарын мен табандылыққа шекара жоғын дәлелдеді.
Жобаның алғашқы маусымына 200 ауылдық елді мекеннен 12 000-нан астам жас спортшы жеті спорт түрі бойынша бақ сынады.
2024 жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен республикалық финалда елдің барлық өңірінен іріктелген 1300 үздік спортшы жиналып, өзара мықтыны анықтады.
2025 жылдың көктемінде жоба тәрбиеленушілері Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасында Қазақстан намысын қорғады. Бұл додада 22 қазақстандық жас спортшының 12-сі – ауыл балалары болды.
Нәтиже дайындықтың жоғары деңгейін растады. Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алып, ел намысын асқақтатты. Оның төртеуі ауыл спортшыларының еншісінде.
Бокстан чемпион атанғандар – Шыңғыс Макаров (52 кг), Айбек Садық (60 кг) және Нұртас Әлімбай (57 кг). Еркін күрестен Қалыбек Нұрқожа қола жүлде алды, ал шахматшылар Жанат Нұрым мен Олтинай Алғаппарова халықаралық ұйымдастырушылардан арнайы сыйлықтармен марапатталды.
2025 жылы AUYL SPORT жүйелі дамуын жалғастырып келеді. Тимур Құлыбаевтың қоры жобаны жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр, бұл ауыл балаларына тұрақты мотивация беріп, өздерін ұлттық әрі халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік жасайды.
AUYL SPORT небәрі бір жыл ішінде Қазақстан ауылындағы балалар үшін нағыз әлеуметтік баспалдаққа айналды. Жобаның ауқымдылығы, тегін қатысу мүмкіндігі, кәсіби бапкерлердің қолдауы, жаңа спорт түрлерінің енгізілуі және алғашқы халықаралық жеңістер – осының бәрі бастаманы ел үшін ерекше етті.