Т. Құлыбаев қоры 4 миллион ағаш отырғызу үшін «Halyk орманы» жобасына 1 млрд теңге инвестиция құйды

Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры Экология министрлігімен бірлесіп,  «Семей орманы», Іле-Алатау ұлттық паркі және елорда жасыл белдеуі аумақтарында ауқымды көгалдандыру бағдарламасын жүзеге асырады.

16 қыркүйекте Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Halyk орманы» жобасы аясында қорға 1 млрд теңге инвестиция салынды. «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі және елорданың жасыл белдеуі аумақтарына 4 миллионнан астам ағаш пен көшет отырғызылатын болады.

Ұлттық басымдық

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында табиғат туралы атап өткен еді:

Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты әрі жанашырлықпен қарау – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс

«Halyk орманы» жобасы Мемлекет басшысы айқындаған міндеттермен үндесіп, «Тaza Qazaqstan» ұлттық тұжырымдамасын жүзеге асыруға үлес қосады. Қор бастамасы – табиғатты аялау мен жауапкершілікке негізделген бағыттың жалғасы.

Жобаның мақсаты мен мәні

Басты міндет – экологиялық тұрғыдан осал аймақтарда жаңа орман алқаптарын құру, өрттен зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуантүрлік пен экологиялық тепе-теңдікті сақтау.

Бұл жоба кейінгі жылдардағы қайғылы оқиғалар аясында ерекше маңызға ие. 2023 жылғы маусымда «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында Қазақстан тарихындағы ең алапат орман өрті болды: 60 мың гектардан аса орман өртенді. Бұл жағдай орман алқаптарын қалпына келтіру мен экологиялық апаттардың алдын алу шараларын күшейтудің қаншалық маңызды екенін көрсетті.

Мемлекеттік қолдау

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Halyk орманы» жобасының маңызына тоқталды.

Қоршаған ортаны қорғау – тек бір саланың міндеті емес. Бұл – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның ортақ ісі. Біз қазір табиғатты сақтау жолында шешуші қадамдар жасауға тиіспіз. «Halyk орманы» – сондай игі бастамалардың бірі. Жоба тек өрттен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіріп қоймайды, сонымен қатар еліміздің жасыл қорын көбейтіп, климаттық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Бұл бастама – елдің стратегиялық таңдауы. Орман отырғызу – ғасырлық іс, оның жемісін ұрпақ көреді», – деді министр.

Халықаралық контекст

Әлем бойынша көгалдандыру климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырылады. Жаңа ормандар биоалуантүрлікті сақтап қана қоймай, Жердің «оттектік тепе-теңдігіне» де үлес қосады. «Halyk орманы» жобасын жүзеге асыра отырып, Қазақстан жаһандық экологиялық қозғалысқа сүбелі үлес қосады.

Қордың ұстанымы

«Halyk» қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Halyk Bank Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, бұл қаржы тек ағаш отырғызуға ғана емес, сонымен қатар жасыл аймақтарды күтіп-баптауға және экологиялық білім беру жобаларына да жұмсалмақ.

«Біз үшін Қазақстанның табиғи байлығын сақтау аса маңызды. «Halyk орманы» – бұл экологиялық қауіпсіздік пен ел болашағына салынған инвестиция. Біз мемлекетпен және қоғаммен күш біріктіріп, ұлт пен болашақ ұрпақтың саулығы үшін еңбек етіп келеміз. Бұл жоба – келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыздың бірі. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, Қазақстан табиғатын қорғауға жасалған маңызды қадам. Қордың қолдауы мен қоғамның белсенділігі арқасында еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта аламыз деп сенемін», – деді ол.

Жүйелі жұмыс

«Halyk орманы» жобасы қордың жүйелі экологиялық жұмысының жалғасы. 2025 жылғы көктемде «GreenAct» экочелленджі іске қосылып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталды. Жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.

Бұған дейін қор GreenAct аясында мыңдаған қазақстандықты біріктірген экологиялық акциялар өткізген болатын. Іле-Алатау ұлттық паркінде Ұлы Отан соғысының батырларына арнап 3 500 шырша, ал Алматының Орталық саябағында алма ағаштары отырғызылды. Бұл шаралар экологиялық мәдениетті дамыту мен тұрақты даму қағидаттарын дәріптеудің маңызды қадамына айналды.

Үлес қосу

«Halyk» қоры волонтерлер мен табиғатқа бейжай қарамайтын барлық азаматты «Halyk орманы» жобасына қосылуға шақырады. Әрбір адамның қолдауы елдегі жасыл аймақтардың артуына және экологияны сақтауға жеке үлес қосуға мүмкіндік береді.