Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры Солтүстікке қоныс аударған отбасылармен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында көші-қон саясатына ерекше назар аударып, халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерден еңбек ресурстары жетіспейтін солтүстік пен орталық аймақтарға қоныс аударуды ынталандыру қажетін бірнеше рет атап өткен болатын. Президенттің осы стратегиялық тапсырмасын орындау аясында Үкімет бірқатар кешенді бағдарламаны жүзеге асырып келеді.

Соның бірі — бүгінде мыңдаған азаматтың өміріне жаңа бетбұрыс әкеліп отырған «Оңтүстіктен Солтүстікке көшу» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында былтыр Үкіметтің қолдауымен былтыр жүзге жуық отбасы елдің теріскейіне қоныс аударған болатын.

Бұл отбасылардың қазіргі жағдайын, мекенге қалай бейімделгенін көру мақсатында Қор өкілдері мен Қауымдастық Солтүстік Қазақстан облысына сапар ұйымдастырды. Бұл сапардың басты мақсаты — отбасыларды тек қоныстандырумен шектелмей, олардың жаңа ортада өздерін қамқорлықта сезінуіне жағдай жасау.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бағдарламаның әлеуетін күшейту үшін нақты жұмыс істеліп жатқанын айтты.

«Қауымдастық қандастар мен ішкі көші-қон процестеріне қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Оңтүстіктен Солтүстікке көшу» бағдарламасы бойынша ақпараттандыру жұмысын жүргізіп келеді. Бағдарламаның тиімділігін нақты мысалдармен атап өтуге болады. Мәселен, Павлодар облысының Железинка ауданында Түркістан облысы мен Шымкенттен көшіп келген қандастар мен отбасылар мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын кәсіп ашып, шаруашылығын дөңгелетіп отыр.Сонымен қатар, медицина, білім беру, әлеуметтік салаларда табысты еңбек етіп, өз баспаналарына қол жеткізіп, жаңа ортаға бейімделіп үлгерді», — дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Бұл жоба аясында Halyk қоры әр отбасыға арнайы сый дайындап, олармен жылы жүздесу өткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік көші-қонды қолдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру жолында біз де өз үлесімізді қосып келеміз. Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры екінші жыл қатарынан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын жүйелі түрде қолдап келеді. Бұл сапар — сол қолдаудың нақты жалғасы. Біз көшіп барған азаматтармен бетпе-бет жүздесіп, олардың өміріндегі оң өзгерістерді көргіміз келді. Бұл — біз үшін формалды іссапар емес, мәні терең, әсері ерекше кездесу болды», — деді Halyk қайырымдылық қорының Басқарушы директоры Нариман Бақтыбайұлы.

Бағдарлама арқылы қолдау алған отбасылар жаңа ортаға сәтті бейімделіп, жұмысқа орналасқан. Алматы облысынан келген Кадырбаева Индира, Түркістан өңірінен көшіп келген Ердосовтар және Ираннан қоныс аударған Наджиб Асқар Газагтың жанұясы бүгінде Есіл ауданында өмір сүріп, балалары мектеп пен балабақшада білім алып жатыр. Теріскейге көшкен Наджиб Газаг бұл қолдаулардың нақты өмірдегі әсерін былай сипаттайды:

«Басында қобалжыдық. Бірақ жергілікті халық та, әкімдік те жылы қарсы алды. Қазір балаларымыз білім алып жатыр, біз мал өсірумен айналысып жатырмыз. Жаңа өміріміз осы жақтан басталды деуге болады. Ең бастысы — болашаққа сенімдіміз. Осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен баршаңызға алғысымыз шексіз», — дейді ол.

Жалпы алғанда, «Оңтүстіктен Солтүстікке көшу» бағдарламасы іске қосылғалы мыңдаған отбасы еліміздің теріскей өңірлерінде жаңа өмір бастады. 2025 жылға жоспарланған көші-қон аясында 9653 адамды орналастыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 170 адамға артық.

Анықтама:

Halyk қайырымдылық қоры — Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін коммерциялық емес ұйымдардың бірі. Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларында ауқымды әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Айта кетерлігі, мұндай жұмыстар бір реттік шара емес, қор қызметінің басым және ұзақ мерзімді бағыттарының бірі болмақ.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы — 33 жылдық тарихы бар халықаралық қоғамдық ұйым. Қауымдастық республикадан тысқары, шетелдерде тұратын қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері бойынша қолдау көрсету мақсатында құрылған.

Сонымен қатар, қауымдастық тарихи отанына қоныс аударған қандастарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларын жүйелі түрде ұйымдастырады.