Қарттарға құрмет: «Halyk» қайырымдылық қоры Алматыдағы «Шаңырақ» орталығында мерекелік концерт өткізді

Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры 1 қазан Халықаралық Қарттар күніне орай Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шара барысында орталықтағы қарттарға «Мирас» халықаралық мектебі, Алматы Халықаралық мектебі және «Арыстан» мамандандырылған лицейiнің оқушылары мен ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Медеу Арынбаев пен Сұлушаш Нұрмағамбетова өнер көрсетті.

«Бүгін үлкен мереке. Біз әрдайым үлкенге құрмет көрсетуді естен шығармаймыз. «Қарты бар елдің қазынасы мол» дегендей, бұндай іс-шаралар өскелең жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. «Halyk» қорының қолдауы бұл кісілердің көңіл-күйін көтеріп, өмір сүруге құштарлықтарын арттырады деген үміттеміз. Біздің мақсатымыз – қарияларға қамқорлық пен қолдауды сезіндіру», — дейді Halyk қорының директоры Сағынбек Шүңкеев.

Мереке соңында «Halyk» қайырымдылық қоры көпбалалы аналар мен мүгедектер қауымдастығындағы кәсіпкерлерден 305 жастық пен 305 көрпе сатып алып, орталықтағы қарттарға сыйға тартты.

Айта кетейік, бұл шара «Halyk» қайырымдылық қорының еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарды қолдауға және халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларының бірі.

2016 жылы Тимур Құлыбаевтың жетекшілігімен құрылған Halyk қоры 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, 85 миллиард теңгеге көмек көрсетті.

БҰҰ Бас Ассамблеясы ресми бекіткен Халықаралық қарттар күні 1991 жылдан бері 1 қазанда тойланып келеді.

Қазіргі таңда елімізде 3 миллионнан астам қария бар. Аталған мерекенің мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру сапасын арттыру, қамқорлық көрсету.